Главная » Статьи » Казахский язык » Казахские сказки
Бар дейді – қайда екенін білмеймін, әкел дейді – не екенін білмеймін-Поди туда – не знаю куда, принеси то – не знаю что (Русские нар.)
загрузка…
Баяғыда әйел-баласы жоқ бір патша өмір сүріпті. Ол аң аулағанды жақсы көреді екен. Осы патшаның мақтанарлық жүз мергені болыпты. Патша олардың арасындағы құралайды көзден атқан Федот деген жігітті өзіне ерекше жақын тартыпты.
Бірде құс атуға шыққан Федот орманды ұзақ аралап, бірде-бір құсты кездестірмейді. Енді қайтайын деген шағында ағаш бұтағында отырған жабайы кептерді көреді. «Бүгінгі олжам осы болар!» деген оймен қанатынан көздеп атады. Кептер жерге құлап түседі. Мерген оны енді ала бергенде, құс оған:
– Мені өлтіре көрме, үлкен бақытқа ие боласың. Үйіңе апарып, терезеңнің алдына қой, қалғи бергенімде, оң қолыңмен қағып жібер, – дейді адамша тіл қатып.
Федот құстың айтқанын орындайды. Жаралы кептерді үйіне әкеліп, терезенің алдына тырғызады. Біраз уақыт өтеді.
Бір кезде, құс басын қанатының астына тығып, қалғи бастайды. Осы кезде мерген оны оң қолымен қағып жібереді. Құс жерге топ ете түседі. Міне, ғажап, жабайы кептер періштедей әдемі қызға айналады. Мерген толған айдай толыс қан бойжеткеннің көркінен көз алмай қарап тұр.
– Мені уысыңа түсірген екенсің, енді некелі жарым бол, – дейді сонда сұлу қыз. Осылай қыз бен Федот үйленіп, бақытты күн кешеді. Мерген сол баяғы әдетінше, күн демей, түн демей, орман кезіп, балшық кешіп, патшаға түрлі аң-құс аулайды. Бірде әйелі:
– Күні бойы үй көрмейсің. Бұл күйбең тірлігің маған ұнамайды. Одан да басқа шаруамен айналыс айық. Сен аздаған қара жат тап, – дейді күйеуіне. Федот достарынан қарызға біраз ақша алады.
Енді әйелі оны: – Базардан әртүрлі жібек жіп cатып әкел, – деп жұмсайды.
Мерген бар ақшасына жібек алып, үйіне оралады. Жіптерді алып, әйелі:
– Ал, барып демал. Таңғы нәсіп – тәңірден, – дейді.
Төсегіне жайғасқан Федот ұйықтап кетеді. Осыны күткен әйелі тығулы жатқан сиқырлы кітабын алып, аулаға шығады. Кітапты ашқан кезде періштедей екі жігіт пайда болады.
– Не бұйырасыз? – деп сұрайды олар арудан.
– Әдемі кілем тоқыңдар! Онда патшаның иелігіндегі барлық қалалар, өзенкөлдер, таулар суреттелген болсын!
Жігіттер көзді ашып-жұмғанша кілемді тоқып бітіріп, ғайып болады. Таң атады. Сұлу қыз жолдасына:
– Мына кілемді патша сарайына апарып сат. Бірақ саудаласпа, саудагер лер бағасын өздері берсін, – дейді.
Федот кілемді көтеріп, патша сарайына келеді. Осындай ғажайып бұйымды көрген дүйім жұрт таң-тамаша. Саудагерлер оны бағалай алмай, абыр-сабыр болып тұрғанда патша уәзірі өтіп бара жатқан еді. Ол жиылып қалған халықты байқап тоқтайды. Мергеннің қолындағы кілемді көріп:
– Мынадай керемет кілемді қайдан алдың? – деп сұрайды.
– Әйелім тоқыды, – деп жауап береді Федот.
– Қанша сұрайсың?
– Білмеймін, өзіңіз бағалаңыз.
– Мына құн көңіліңнен шығатын болар? – деп, уәзір мергеннің қолына бір уыс ақша ұстатып, кілемді алып кетеді.
Мерген ақшасын қалтасына салып, үйіне оралады. Ал уәзір кілемді патшаға апарып береді.
– Менің сізге қандай сыйлық әкелгенімді қараңызшы? Мұндай керемет кілемді бұрын-соңды көрмеген патша таң қалады. – Ғажап! Патшалығым толық суреттелген екен, мұны қайдан алдың?
Уәзір патшаға болған жайды баяндап береді. Патша оған ризашылығын білдіріп, шыққан шығынды сатып алынған құнынан екі есе етіп қайтарады.
Қуанған уәзір өзіне одан да әдемі кілем тоқытайын деп мергеннің үйіне барады. Есікті мергеннің әйелі ашады. Оны көрген уәзір не үшін келгенін ұмытып, тұрып қалады. Мұндай көрікті және сымбатты тұлғаны өмірінде көрмеген ол: «Осындай сұлу әйелі бар мергеннің арманы жоқ шығар» деп ойлайды. Сол күннен бастап уәзірдің көз алдынан әлгі арудың әсем бейнесі кетпей қояды. Оның өзгергенін байқаған патша не болғанын сұрайды. Уәзір Федоттың әйелі туралы айтады. Патша уәзірінің сөзіне сенбей, мергеннің үйіне өзі барады. Сұлуды көрген оған: «Мен бойдақ болып жүрмін, ал мерген мынадай сұлу әйелмен тұрады. Бұл ару тек патшаға лайық жар емес пе? Осы қызға неге үйленбеске?» деген ой келеді.
Сарайға оралған патша уәзірін шақырып:
– Көрсеткен өзің, енді бір амалын тап! Бұл сұлу тек менің әйелім болуға тиі сті! Қайткенде де сарайға алып кел! Әйтпесе, ауыр жазадан құтылмайсың, – деп бұйрық береді.
Уәзір қайғырып, басы салбырап, сарайдан шығады. Не істерін білмей келе жатқан оған бір мыстан кемпір кезігеді.
– Уәзір, тоқта! Жағдайыңның мүшкіл екенін білемін. Патша саған Федот мергеннің әйелін алып келуді бұйырды. Патшаның бұйрығын орындау үшін мергеннен құтылуың керек. Сен кері қайт та, патшаға айт. Ел көрмеген, құлақ естімеген жерде бір арал бар. Онда мүйізі алтын елік мекен етеді. Патша мергенді сол елікке жұмсасын. Жанына елу шақты маскүнем, кәрі-құртаң, ауру-сырқау адамдарды қосып, ең жарамсыз кемеге отырғызсын. Жолы болған адамның аралға баруына үш жыл, қайтуына үш жыл уақыт кетеді. Ал мерген жанындағы серіктерімен бір айға жетпей-ақ суға батып өлер, – дейді сұм кемпір.
Мыстанның айтқанына риза болған уәзір оған алғысын білдіріп, ақысын береді. Өзі сарайға келіп, естігенін патшаға жеткізеді. Патша қызметшілеріне керек-жарақтың бәрін дайындатып, өңкей жарамсыз адамдарды, шіріген кемені тапқызып, мергенді алдына шақыртады.
– Федот, сен ең таңдаулы мергенімсің. Алыстағы бір аралда алтын мүйізді елік бар екен, соны менің алдыма алып кел. Жол жабдығың мен серік болар адам дарың дайын! – дейді бұйырып. – Ал егер айтқанымды орындамасаң, басыңнан айырыласың! Мерген үйіне келіп, әйеліне мән-жайды түгел баяндайды.
– Уайымдама, жатып демал. Таңғы нәсіп – тәңірден, – дейді әйелі оны тыңдап болған соң. Түн ауа Федоттың әйелі қолына сиқырлы кітабын алып, сыртқа шығады. Кітапты ашқан сәтте, баяғы екі жігіт пайда болады.
– Не бұйырасыз!
– Барып, алтын мүйізді елікті әкеліңдер!
Ертеңіне есік алдында алтын мүйізді елік тұрады. Әйелі Федотқа:
– Мына елікті ешкімге көрсетпей кемеге сал да, жолға шық. Теңізде бес күн әрі жүзіп, бес күнде бері қайт, – дейді.
Мерген әйелінің айтқанын орындайды. Елікті жабық жәшікке салып, кемеге әкеледі. Маскүнем, кәрі-құртаң, ауру-сырқау адамдардан құралған матрос тарға «бұл маған қажетті заттар» деп жауап береді. Осылай Федот басшылық жасаған топ сапарға аттанады. Оларды патшаның өзі шығарып салады. Кеме тоқтамай жүзіп келеді. Бесінші күні мерген қырық бөшке шарапты ашқызып:
– Ішіңдер, ұзақ жол жүреміз, көңіл көтеріңдер! – дейді. Матростарға да керегі осы еді. Олар тамақты тоя жеп, арақ-шарапты бас көтермей ішеді. Бәрі масайрап, шетінен қылжия бастайды. Осы сәтті пайдаланып, мерген кемені кері бұрады. Оныншы күні кеме қайтып оралады. Федот жағалауға жақындап қалғанда зеңбіректен оқ атып, патшаға келгенін білдіреді.
– Сен қалай ерте келдің? – дейді патша ашуланып.
– Ақымақ адам ғана он жыл жүрер еді. Мен тапсырған шаруаңызды он күнде бітірдім. Міне, алтын мүйізді елік! – деп, жәшіктегі елікті шығарады.
Патша сөзден қалады. Амал жоқ, мергенге сый-сыяпатын беріп, үйіне жібереді. Өзі ашудан қызарған қалпы уәзірін ша қыртады.
– Менімен ойнаған екенсің! Әлде, басың саған керек емес пе?! – деп қаһарына мінеді.
– Қандай шара қолдансаң да мергеннің көзін құрт! Зәре-құты қашқан уәзір ары ойланып, бері ойланып, еш амалын таппаған соң, мыстанға барады. Кемпір оған:
– Не үшін келгеніңді білемін. Көп сөйлеп жатпай, тіке шаруаға көшейік.
Әлгі жігіттің әйелі өте қу екен. Дегенмен, оның құдіреті жетпейтін бір іс бар. Патшаға бар да айт, енді ол мергенді «Бар дейді – қайда екенін білмеймін, әкел дейді – не екенін білмеймінге» жұмсасын, – дейді.
Уәзір патшаға келіп, осы жұмбақты мергенге жасыруын айтады. Патша мергенді шақырып:
– Федот, алдыңғы бұйрығымды бұлжытпай орындадың. Келесі тапсырмамды тыңда. Маған «Бар дейді – қайда екенін білмеймін, әкел дейді – не екенін білмеймінді» тауып кел! – дейді. – Ал егер құр қол оралар болсаң, басыңнан айырыласың! Мерген тағы ұнжырғасы түсіп, үйіне оралады. Мұны көрген әйелі не бол ғанын сұрайды. Мерген оған мән-жайдың бәрін айтып береді. Әйелі:
– Иә, қиын жұмбақ екен. Оны шешу үшін кемінде баруыңа тоғыз жыл, келуіңе тоғыз жыл керек. Уайымдамай жата бер, таңғы нәсіп – тәңірден, – дейді.
Мерген ұйқыға кеткенде әйелі сиқырлы кітабын алып, қызметшілерін шақырады.
– Нені әмір етесіз?
– Сендер «Бар дейді – қайда екенін білмеймін, әкел дейді – не екенін білмеймін» жайлы естігендерің бар ма?
– Жоқ, ондайды білмейміз.
«Жарайды» деп сұлу кітабын жабады. Ертеңіне ол күйеуіне былай дейді:
– Сен патшаға барып айт. «Кемінде он сегіз жыл жол жүремін. Бұл аз уақыт емес, маған жолға жетерлік алтын қазына бер» де.
Мерген әйелінің айтқанын орындайды. Патшадан тиесілі қазынасын алып, үйіне келеді. Әйелі оған доп пен орамалды ұсынып:
– Қаладан шыққан соң мына допты жолға таста. Ол қайда бет алса, соңы нан қалмай жүріп отыр. Ал мынау өзім тоқыған қол орамал. Жуынғанда бетіңді осымен сүрт, – дейді.
Сонымен, мерген әйелімен, достарымен қоштасып, алыс сапарға аттанады. Қаладан шыққан соң допты жолға тастап, өзі оның артынан жүріп отырады. Күн артынан күн өтеді. Бірде патша уәзірін шақыртып, былай дейді:
– Мерген кеткелі бір ай өтті. Менің бұйрығымды орындау қиын болған ғой шамасы, әйтпесе келіп қалар еді.
– Ұлы мәртебелі тақсыр, еш күмәнданбаңыз. Бұл – өте қиын шаруа. Мерген кемінде он сегіз жылдық алыс сапарға аттанды, – дейді уәзір.
– Иә, аз уақыт емес. Осы аралықта не боларын құдай білсін. Ақшасы көп, мүмкін оны қарақшылар тартып алар. Болмаса, жол-жөнекей сырқаттанып, бұйрығымды орындай алмас.
– Бар дедік – қайда екенін білмейді, әкел дедік – не екенін білмейді! – деп уәзір мәз болды.
– Жә, жетер енді. Уақытты кетірмей, маған мергеннің сұлу әйелін алып кел! – дейді патша.
Уәзір мергеннің үйіне барып «Патша шақыртып жатыр» деп, оны сарайға ертіп келеді. Патша әйелді ерекше құрметпен қарсы алады.
– Сен мергеннің емес, патшаның жары болуға лайықсың, менің әйелім бол! – дейді.
– Тақсыр, күйеуі тірі әйелдің басқа адамға тұрмысқа шыққанын қайдан естіп едіңіз?! «Федот өлді» деген хабар маған жеткен жоқ, сондықтан сізге әйел бола алмаймын.
– Сен мені түсінбедің. Мен жай адам емеспін, құдіретім күшті патшамын. Өз еркіңмен келіспесең, күшпен аламын! Патшаның осы сөзді айтуы мұң екен, сұлу құсқа айналып, терезеден ұшып кетеді. Ал енді мергенге оралайық. Ол доптың соңына түсіп жүріп отырады. Доп өзенге тірелгенде, көпірге айналады. Шаршап, демалғысы келсе, жұмсақ төсек бола қалады. Осылай ұзақ жол жүрген Федот бір зәулім үйге жетеді. Сол кезде доп ғайып болады. Мерген үйге кіреді. Алдынан үш сұлу қыз шығып, жылы шыраймен қарсы алады. Оны тамақтандырып, демалдырады. Мерген тұрып, жуынады. Қыздар сүртінуге орамал әкеліп береді. Бірақ ол бетін өз ора малымен сүртеді.
– Жігітім, мына орамалды қайдан алдың? – деп сұрайды қыздар.
Мерген өзінің әйелінің бергенін айтады. Қыздар анасын шақырады. Аналары орамалды танып:
– Бұл менің үлкен қызымның орамалы, мына қыздар оның сіңлілері, – дейді.
Мерген оларға онымен қалай танысып, үйленгенін, патшаның «Бар дейді – қайда екенін білмеймін, әкел дейді – не екенін білмеймінге» жұмсағанын, бәрін-бәрін түк қалдырмай баяндап береді. Қыздардың шешесі Федотқа көмектес пек болады. Ол шатырға шығып, бар даусымен:
– Әй, орман мен даланың аң-құстары! – деп айғайлайды. – Сендер «Бар дейді – қайда екенін білмеймін, әкел дейді – не екенін білмеймін» туралы естігендерің бар ма?
– Жоқ, естіген де,
өрген де емеспіз.
Енді мергеннің енесі теңізге барып, балықтар мен шаяндардан сұрайды. Бірақ теңізде тіршілік ететіндер де «жоқ» деп жауап қатады. Бір уақытта:
– Ква-ква! Мен білемін, – деген бақаның дауысы шығады.
– Бақа, білетінің рас болса, менің күйеу балама жол көрсет, – деп өтінеді әйел.
– Ол – жердің шалғай шетінде. Мен болсам қартайдым, ұзақ жолды көтере алмаспын.
– Мен саған күш-қуатымды беремін, жолды көрсет, – деп, қыздардың шешесі ыдысқа сүт құйып, бақаны сонда салады да, мергенге береді. Бақаны көтерген Федот ұзақ жол жүріп, от шашқан өзенге жетеді. Сол кезде бақа мергенге:
– Мені жерге түсір де, өзің үстіме отыр, – дейді де, үрленген доп сияқты үлкейеді.
Осылай мергенді арқасына отырғызып алған бақа от өзеннен бір-ақ секіреді. Содан соң бұрынғы қалпына түседі. Өзеннің арғы бетінде бір есік бар екен. Бақа есікті көрсетіп:
– Енді мына есікті ашып, ішке кір. Іздегеніңді сол арадан табасың. Мен сені осы жерде күтемін. Ішке кірген соң, ыңғайлы орын тауып жасырын. Біраз уақыттан соң екі қарт келеді. Олардың айтқанын жақсылап есіңе сақта. Қарттар кетісімен бәрін қайтала, – деп кеңес береді. Мерген ішке кіреді. Қараңғы түнек. Ол сипалап жүріп бір сандықты тауып, соның ішіне тығылады. Біраздан соң екі қарт келеді. Олардың бірі:
– Әй, Шмат-парасат! Бізді тамақтандыр! – дегені сол-ақ екен, әп-сәтте шам жағылып, дастарқан жайылып, оның үсті түрлі асқа толады.
Федот сандықтың қуысынан бәрін көріп, айтқандарын есіне сақтап отырады. Екі қарт жайғаса отырып, тоя тамақтанып алады. Содан соң екіншісі:
– Шмат-парасат, дастарқанды жина! – деп еді, бәрі ғайып болады. Қарттар кетісімен мерген сандықтан шығып:
– Әй, Шмат-парасат, дастарқаныңды жай! Мені тамақтандыр! – деп бұйырады.
Әп-сәтте дастарқан жайылады. – Енді менімен бірге отырып, сен де астан ауыз ти! Жалғыз тамақтанғым келмейді.
– Өзің бір қайырымды жан екенсің. Мен екі қартқа қызмет еткелі отыз жыл болды. Бірақ олар мені ешқашан жандарына отырғызған емес, – дейді бейтаныс дауыс. Федот бейтаныс дауыстың иесін көрмейді. Ол дастарқандағы асты тоя жеп болған соң:
– Шмат-парасат, маған жолдас болып бірге жүр, – деп ұсынып, не іздеп жүргенін айтады.
Шмат-парасат келіседі. Содан соң Федот сыртқа шығып:
– Достым, сен қайдасың? – деп сұрайды.
– Қасыңдамын, алаңдамай жүре бер.
Федот сыртта күтіп отырған бақаға отырып, өзеннен кері өтеді. Содан соң қайта кішірейген бақаны сүт құйылған ыдысына салып, келген ізімен кері қайтады. Шмат-парасат оған ілесіп отырады. Федот енесінің үйіне жетеді. Шмат-парасат бәрін тамақтандырады. Мерген бақаға рақметін айтып, енесімен, қыздармен қоштасып, үйіне қарай бет алады. Мерген осылай аз жүрді ме, көп жүрді ме белгісіз, тоқтамай кете барады. Бір кезде ол:
– Сәл кідіріп демалайық, әбден қалжырадым, – дейді Шмат-парасатқа.
– Баяғыдан бері неге айтпадың? Қалаған жеріңе қасқағым сәтте жеткізер едім, – деп Шмат мергеннің аяғын жерге тигізбей, ұшырып әкетеді.
Олар үлкен дарияға жетеді. Шмат-парасат суды тербеп, биік-биік тол қындарды көтереді. Осы кезде дарияның қақ ортасында кішкене арал пайда болады. Шмат сол жерге алтын шатырлы лашық орнатып, мергенге былай дейді:
– Қазір үш саудагердің кемелері көрінеді. Сен оларды мына жерде отырып күт. Шақырып, дәм татқыз. Саудагерлер маған қызығып, «бер» деп сұрайды.
Сен мені олардың әкеле жатқан заттарына айырбаста. – Жоқ, досымды айырбастай алмаймын!
– Қорықпа, мен көп ұзамай өзіңе қайтып ораламын.
Мерген келіседі. Біраз уақыттан соң аралға үш кеме келіп тоқтайды. Бұрын бұл жерден қанша өтіп жүріп, мұндай шатырды көрмеген саудагерлер аралға кеп түседі. Федот оларды жақсы қарсы алады. Қонақтар лашыққа кіріп отырғанда:
– Әй, Шмат-парасат, дастарқаныңды жай, – дейді.
Әп-сәтте дастарқан жайылып, үсті неше түрлі асқа толады.
Саудагерлер таң-тамаша қалады. Асықпай тоя та мақтанып, тынығып алған олар:
– Шмат-парасат дегенің кім? Оны бізге бер, орнына қалағаныңды ал, – дейді.
– Сонда орнына не бересіңдер? – деп сұрайды мерген. Саудагерлердің біреуі қалтасынан кішкене қорапты шығарып, бетін ашқаны сол еді, кішкене арал жайқалған әсем баққа айналады. Қораптың бетін қайта жапқанда бақ ғайып болады. Ал екінші саудагердің балтасы бар екен. Онымен ағашты шапқан сайын кеме пайда болады. Ол елу рет ұрып, елу кеме шығарады. Балтаны жасырғанда, кеме түгіл қайықта жоқ. Үшінші саудагер ғажайып мүйізін үрлеген кезде қарулы әскер сапта тұрады. Жасырса, бәрі ғайып болады.
– Бұлардың маған не қажеті бар? – деп сұрайды мерген саудагерлерден.
– Байлығың – кеме, қорғаның – әскер, ал бақ шаршаған кезде жаныңа сая болады. Осы үшеуіне Шмат-парасатыңды айырбаста! – деп олар жан-жақтан қауғалай бастайды. Саудагерлер өйтіп-бүйтіп мергенді көндіреді. Шмат-парасатты алып, кемелеріне отырып кете барады. Үш ғажайып затқа ие болған Федот аралда қалады.
Кемелер алыстаған шақта:
– Әттең, Шмат-парасат жанымда болса ғой, – дейді мерген өкініп.
– Мен мұндамын, – деп үн қатады Шмат-парасат.
Мергеннің қуанышында шек жоқ. Ол ғажайып қорап, балта, мүйізді алып еліне оралады. Үйінен әйелін таппаған соң, теңіз жағасындағы бос жерге зәулім сарай салғызады. Әлгі сиқырлы қораптың құдіретімен сарайдың айналасы ғажайып баққа айналады. Осылай күн артынан күндер өтіп жатады. Бірде терезеге баяғы жабайы кептер келіп қонады. Федот оны бірден таниды. Құс терезеден жерге топ етіп құлап, қызға айналады. Осылай қайта қауышқан олар бір-біріне бастарынан өткендерін айтады.
Ал енді патшаға келейік. Ол теңіздің жағасында пайда болған зәулім сарайдың мергендікі екенін біліп, қаһарына мінеді. «Мергенді алдыма алып келіңдер!» деп бұйырады. Патшаның әскерін көрген Федот балтасымен ағаш шабады. Осы сәтте жағалауда кемелер пайда болады. Мүйізді шығарып үрлейді. Қарулы әскер сап құрап, алдында тұрады. Мерген енді сарбаздарын кемеге отырғызып, патша әскеріне қарсы жібереді. Патшаның қолы мұндай күшті көріп, кері қашады. Ал өзі тағын тастап, басын сауғалай, беті ауған жақа кетеді. Сұм уәзірі соңына ереді. Иесіз қалған жұрт мергенді патша етіп сайлайды. Осылай Федот еліне адал еңбек етіп, сұлу әйелімен бақытты ғұмыр кешеді.
Источник: Ертегі сказка на казахском языке қазақша ертегісі
Категория: Казахские сказки | Добавил: admin (30.12.2013)
W
Просмотров: 3574
| Теги:
| Рейтинг: 5.0/1
Похожие материалы
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]