Джәк пен үрмебұршақ – Джек и бобовый стебель (Английская народная сказка)...

Джәк пен үрмебұршақ – Джек и бобовый стебель (Английская народная сказка) – Казахские сказки – Казахский язык

1210
0

Главная » Статьи » Казахский язык » Казахские сказки


Джәк пен үрмебұршақ – Джек и бобовый стебель (Английская народная сказка)

загрузка…

Ертеде бір жесір әйел өмір сүріпті, оның Джәк атты ұлы болыпты. Джәк сынды балалар туралы «Жатырынан жүйкелеп туған» деген сөз бар. Бірақ Джәк ешкімге жамандық жасамайтын ақкөңіл, кішіпейіл еді, анасын жанындай жақсы көретін. Осы қасиеттердің өзі үлкен адамгершілік емес пе?!
Жесір әйел мен Джәктің мал дегенде Ақшаңқан атты жалғыз ала сиыры болыпты. Екеуі ала сиырдың сүтін сатып күн көреді екен. Бір күні сиыр суалып қалады. Бейбақ жесір ертеңгі күнін ойлап дал болады. Ұлын «Сиырды сатып кел» деп жұмсайды.

Джәк сиырдың ноқтасын қолына орап ап, базарға қарай тартады. Ауылдан көп ұзамай-ақ, жолда оған түрі қызық бір шал кездеседі. – Қайырлы таң, Джәк!
– Сізге де қайырлы таң! Менің атымды қайдан білесіз?
– Иә, қайда жол тарттың? – дейді шал Джәктің сұрағын естімегенсіп.
– Базарға бара жатырмын. Сиырымды сатпақ ойым бар.
– Нағыз сиыр сатуға жаралған жігіт екенсің! Қанша үрмебұршақты қосса, бесеу болады?
– Әр алақанда екі-екеуден және ауызда біреу болса, – дейді Джәк ойланбастан.
– Әп, бәрекелді! Өте дұрыс! Міне, сол бес үрмебұршақ! Бердім саған! Өте зерек жігіт екенсің! Анау сиырыңа айырбастасаң болғаны!

– Кет, ей! Тапқан екенсің ақымақты!
Джәк сиырын айырбастамай, базарға келеді. «Сиыр сатам! Сиыр сатам!» деп айқайлайды. Бірақ сатып алушы болмайды. Базар тарқай бастаған кезде сол баяғы шал жанына тағы да келіп:
– Е-е-е, сен бұлардың қандай бұршақ екенін білмейді екенсің ғой! – дейді. – Кешқұрым егіп тастасаң, ертеңгісін аспанмен таласа өсіп тұрады!
– Қой! Мүмкін емес!
– Шын айтам. Егер осы сөзім өтірік боп шықса, сиырыңды қайтып ал.
– Жарайды, келістік!
Джәк Ақшаңқанның бас жібін шалға ұстатып, өзі үрмебұршақтарды қалтасына салып ала ды. Сөйтіп, сәскеде үйіне қай тып оралады.

– Демде кеп қалдың ғой, балам. Ақшаңқан көрінбейді. Қаншаға саттың? – Мына үрмебұршақтарға саттым!? Бұлар жай бұршақ емес, ғажайып сиқыры бар бұршақтар! Кешқұрым егіп тастаса, ертеңгісін…
– Не дейді!? Ақымақ! Бейшара! Менің Ақшаңқанымды, саусаң – сүтке, сойсаң – етке қарық қылатын ауылдың маңдайалды сиырын тауықтың бір уыс жеміне айырбастап не қара көрінді саған?! Құрт көзін! Жоғалт! Лақтыр терезеден! Өзіңде жат тез жабысып! Бүгін саған тамақ жоқ! – деп ашуланған анасы жер-жебіріне жетіп ұрсады. Джәк құрқылтайдың ұясындай кішкентай бөлмесіне сүйретіліп кіреді. Еңсесі түсіп, көңілі жарым боп қалады. Бәрінен де қарнының ашқанына емес, анасының алдында қадірінің қашқанына қамығады. Ой түбіне жете алмай, ақыры ұйықтап кетеді.

Таңертең оянса, бөлмесі біртүрлі өзгеше күйге еніпті. Бөлменің жартысы терезеден түскен күн сәулесінен жап-жарық та, екінші жартысы күңгірт те көлеңкелі. Джәк киіне сап, терезеге жүгіріп барады. Сонда не көрді дейсің бе? Кеше анасы терезеден лақтырып жіберген үрмебұршақ дәндері сабақтанып, өсе-өсе аспанды бір-ақ тірепті. Түрі қызық шалдың айтқаны ақиқат боп шықты. Үрмебұршақ Джәктің терезесіне өте таяу өскен екен. Джәк оның сабағына секіріп жармасады да, сатыға шыққандай жоғары қарай өрмелей жөнеледі. Өрмелей, өрмелей, өрмелей, өрмелей, өрмелей, өрме лей, өрмелей аспанға бір-ақ шығады.
Шықса – алдында тақтайдай түзу кең жол жатады. Джәк жолға түсіп алып жүріп отырады, жүріп отырады, бір кезде үлкен бір сарайға кеп тіреледі. Үйдің есігінің алдында ұзын бойлы дәу әйел отыр екен.

– Қайырлы таң, ханым! – дейді Джәк барынша сыпайы болуға тырысып.
– Маған кішкене тамақ беріңізші, жүрек жалғайын. Кешеден бері нәр сызбаған баланың ішегі аштықтан бұралып тұр еді.
– Сен мұнда қайдан келдің, ә? – дейді ұзын бойлы алып әйел.
– Қазір күйеуім келеді. Ол өте қатал. Балаларды жек көреді. Тез көзіңді жоғалт, әйтпесе үйге оралатын уақыты болып қалды.

– Жалынып өтінем, ханым, бірдеңе беріңізші. Кеше таңертеңнен бері аузыма бір түйір тамақ түскен жоқ. Отқа қақталып өлмесем, бәрібір аштан өлем! Дәудің әйелі соншалықты қатігез емес еді. Ол Джәкті ас үйге ертіп апарып, бір үзім нан мен ірімшік, бір құмыра сүт береді. Бірақ Джәк тамағын ішіп үлгер генше болған жоқ, біреудің тарс-тұрс, тарс-тұрс, тарс-тұрс жүрісінен үй еңселіп, селкілдей жөнеледі. – Құдай-ай! Енді қайттім?! Күйеуім келе жатыр! Бері кел! Мұнда секір! Дәудің әйелі Джәкті ошақтың ішіне екі бүктеп, тыға салды. Әйелдің күйеуі шынында да алапат дәу еді.
Кіре:
– Кішкентай баланың иісі келіп тұр! – деп ауаны иіскелеп тұрып алады.
– Қайдағыны айтасың, қымбаттым! – дейді оған әйелі. – Кішкентай бала мұнда қайдан келсін?! Қарның ашқаннан солай сезіліп тұрған болар. Бар, жуынып-шайынып кел, мен оған дейін тамағыңды әзірлеп қояйын.

Дәу ауқаттанып алған соң:
– Кемпір, алтын жұмыртқа табатын тауығымды алып келші! – дейді. Кемпірі тауықты әкеп береді. Дәу тауыққа:
– Жұмыртқа тап! – деп бұйырады. Тауығы лезде саф алтыннан жаралған сап-сары жұмыртқа тауып береді. Дәу жұмыртқаны қызықтап отырып, басы салбырап қалғып, бір кезде үстелдің үстіне гүрс құлайды да қорылдап шырт ұйқыға кетеді. Джәк ошақтан жайлап шығады да, дәудің қасынан аяғының ұшынан басып өтіп бара жатып, алтын жұмыртқа табатын тауықты қолтығына тыға сап, зыта жөнеледі. Үрмебұршақтың сабағына жеткенде тауықты төменге лақтырып жібереді. Ол, әрине, анасының бақшасына барып топ етеді. Бірақ тауығы құрғыр дүниені басына көтеріп қыт-қыттап береді. Дәу шошып оянып:

– Кемпір! Әй, кемпір! Тауығымды қайда жібердің? – деп айғай салады.
– Не боп қалды, қымбаттым?! – деп кемпірі жүгіріп келеді. Олар осылай абыр-сабыр болып жатқанда Джәк қайтып келіп, баяғы орнына жасырынады.
Тауықты ары іздеп, бері іздеп таба алмаған соң, дәу:
– Кемпір! Үйге ұры түскен болды ғой. Алтын арфамды әкелші! Ол орнында жатыр ма екен? – дейді. Кемпірі үстелдің үстіне арфасын әкеп қояды. Дәу «ән-күй» деп бұйырғаны сол еді, арфа бір әсем күйді құйқылжыта тарта бастайды. Арфаның әуеніне елітіп отырып дәу қалғып, қор етіп ұйқыға басады. Осы кезде Джәк тағы да білдірмей келіп, алтын арфаны ала сап, зыта жөнеледі. Арфа «Қожайын! Қожайын!» деп безілдеп қоя береді. Дәу ащы дауыстан оянып кетіп, арфаны ұрлап бара жатқан Джәкті көріп қояды. Джәк аяғы жерге тимей жүгіріп келеді, дәу қуып келеді. Дәу жиырма адым жақындап қалғанда Джәк те үрмебұршаққа жеткен еді. Джәк үрмебұршақтың сабағына жабысып ап, төмен қарай сырғанап барады. Дәу де соңынан ілеседі. Үрмебұршақ дәудің салмағын көтере алмай теңселіп кетеді. Бұл кезде Джәк төмен сырғи-сырғи, сырғи-сырғи үйіне де жақындап қалып еді. «Шеше! Шеше! Балтаны әкел! Балтаны әкел!» деп айғай салады. Шешесі сүріне-қабына балтаны әкеледі, бірақ бұлттар арасынан салбырап тұрған дәудің аяғын көргенде қорқыныштан сілейіп тұрып қалады. Джәк секіріп түсіп, балтамен үрмебұршақтың сабағын шауып-шауып жібереді. Дәу теңселіп-теңселіп тұрады да, қайта жоғары көтеріледі.

Джәк шешесіне алтын арфаны көрсетіп, әңгімесін айтып береді.
Міне, осылай Джәк пен оның шешесі ғажайып тауықтың алтын жұмыртқасын сатып, қатты байып кетеді. Халқына сыйлы болады. Кедейлерге көмектесіп тұрады. Жиі-жиі жұртты жинап, алтын арфаның әсем күйін тыңдатады. Бұл күйді тыңдағандар үлкен бақытқа кенеледі.

Источник: Ертегі сказка на казахском языке қазақша ертегісі

  • 1
  • 2
  • 3
  • 4
  • 5

Категория: Казахские сказки | Добавил: admin (30.12.2013)
W

Просмотров: 3225
| Теги: сказка на казахском языке, қазақша ертегісі, ертегі
| Рейтинг: 5.0/1

Похожие материалы

  • Ертегі: Пиноккио (Итальянская сказка на казахском языке)
  • Ертегі: Алиса в стране чудес – Алиса ғажайыптар елінде (Льюис Кэролл, сказка на казахском языке)
  • Ертегі: Ары мен Құбыжық – Красавица и Чудовище
  • Ертегі: Бақа Ханшайым – Принцесса-Лягушка
  • Ертегі: Мыстан Кемпір – Баба-Яга
  • Ертегі: Сиқырланған ханша – Заколдованная королевна
  • Ертегі: Оттық – Огниво
  • Ертегі: Ер-Төстик (на казахском языке)
  • Ертегі: Алтын айдарлы әтеш пен диірмен
  • Ертегі: Бұлбұл

Всего комментариев: 0

Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]

1 Star2 Stars3 Stars4 Stars5 Stars (No Ratings Yet)
Loading...

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY