Главная » Статьи » Казахский язык » Казахские сказки
Ертегі: Сиқырланған ханша – Заколдованная королевна
загрузка…
Сиқырланған ханша – Заколдованная королевна
(орыс халық ертегілері)
Баяғы заманда бір патшаның мықты атты әскері болыпты. Жасақтағы жауынгерлерінің арасында оған жиырма бес жыл адал қызмет еткен ержүрек сарбазы бар екен. Патша оның еңбегін бағалап, басына бостандық беріп, ерекше қошеметпен үйіне қайтарады. Тіпті, мінген атын да бар әбзелдерімен қоса тарту етеді.
Сарбаз патшаға алғысын білдіріп, қарулас жолдастарымен қоштасып, туған жеріне аттанады. Аз жүрді ме, көп жүрді ме белгісіз, бір күні оның азығы таусылады. Үйіне дейін әлі біраз жол бар. Бір амалын табу керек. Аты да аш.
Сарбаз жан-жағын шолып өтеді. Алыстан бір зәулім сарайдың мұнарасы көрінеді. Сарбаз «уақытша қызмет етіп, жол азық табайын» деп, сарайға келеді. Сәйгүлігін ат қораға байлап, өзі ішке кіреді. Қонақ бөлмеде дастарқан жаюлы тұр екен. Сарбаз ішіп-жеп, қарнын тойдырады. Сол кезде бір аю келіп, сарбазға:
– Қорықпа, мен аю емеспін. Сиқырланған ханшамын. Менің адам қалпыма келуіме көмектес. Осында қалып, үш түне, сонда сиқыр күші жойылады. Содан кейін, қаласаң, саған тұрмысқа шығайын, – дейді. Сарбаз келіседі. Сарайдың іші қара түнек. Сөйлесетін жан жоқ. Сарбаз екі түнеп, үшінші күні қашпақ болады, бірақ орайы келмейді. Өзін қоярға жер таппай, соңғы түнді дөңбекшіп, әрең өткізеді.
Таң атады. Сарбаз көзін ашса, алдында бір сұлу қыз тұр екен. Ару сарбазға алғысын білдіреді. Кешегі аю, бүгінгі ханша екенін айтады.
Қызға ғашық болған сарбаз:
– «Қаласаң, саған тұрмысқа шығамын» деген едің ғой. Мен сені қаладым, әйелім бол, – деген ұсынысын айтады.
Ханша келісімін береді. Екеуі үйленіп, уайымсыз, қайғысыз өмір сүреді. Осылай күн артынан күн өтіп жатады. Бірде жігіттің ойына туған жері түседі. Бойын сағыныш сезімі баураған ол әйеліне:
– Еліме барып, туған-туысқандарымды бір көріп қайтайын, – дейді.
Жібергісі келмеген ханша: «Бармай-ақ қойсаң қайтеді?» деп қалдыруға тырысады. Бірақ сарбаз көнбейді. Сонда ханшайым оған бір қап күнбағыс дәнін беріп:
– Мына дәндерді жүрген жолыңның екі жағына сеуіп отыр. Дән түскен жерде биік ғажайып жеміс ағашы пайда болады. Осы ағаштар маған сен тура лы ха бар беріп тұрады. Ал жемістері – сенің азығың, – деп қоштасып, шығарып салады. Сарбаз атына мініп, еліне қарай бет алады. Жүрген жерінде әйелінен алған дәндерді сеуіп отырады. Жерге тиген дәндер лезде жемісі мол биік ағаштарға айналады. Осылай сарбаз өткен жол жайқалып шыға келеді. Бір күн өтеді, екі күн өтеді, үшінші күні жігіт жазық далаға жетеді. Осында ол тоқтап тұрған керуенді көреді. Керуендегі саудагерлер көктің үстіне жайғасып, құмар ойнап отыр екен. Жандарында ошақ тұр. Ошақта от жоқ, бірақ қазан сақырлап қайнап тұр.
– Мынаны қарай гөр, отынсыз-ақ қазан сақырлап қайнап жатыр. Жақын барып көрсем қайтеді? – деп сарбаз атының басын бұрып, саудагерлерге жақындайды. Содан соң:
– Амансыңдар ма, мырзалар! – деп амандасады.
Ешқайсысы үн қатпайды. Бұлар жай саудагерлер емес, нағыз жын-перілердің өзі еді.
– Бұл қазанның отсыз сақырлап қайнай тыны жақсы екен, бірақ нағыз керемет мынау, – деп сарбаз қабынан күнбағыстың бір дәнін алып, жерге тастайды. Сол сәтте әлгі дән ғажайып жемістері бар биік ағашқа айналады.
Жын-перілер сарбазға естіртпей:
– Е, ханшаның сиқырын жойып, аю кейпінен құтқарған осы болар. Оны тамаққа тойдырып, сиқырлы тұнба беріп, ұйықтатып кетейік. Жарты жыл бойы оянбасын, – дейді бір-бірлеріне сыбырлап. Ақыры олар дегеніне жетіп, сиқырлы тұнбаны ішкен сарбаз ұйықтап кетеді. Керуен ғайып болады. Енді ханшаға оралайық. Сарбаздың жолын тоса-тоса шаршаған ол серуенге шығады. Бақты аралап жүріп, солып бара жатқан ағаштардың басына көзі түседі. «Бұл жақсылықтың белгісі емес, күйеуіме бірдеңе болған ғой» деп жиналып, сарбаз кеткен жолмен жүріп отырады. Күн жүреді, түн жүреді, бір кезде биік ағаштар бітіп, алдынан жазық дала пайда болады. Шеткері жерде жайқалып өсіп тұрған жалғыз ағашты көреді. Жанында сарбаз ұйықтап жатыр. Ханша оны оятпақ болып ары-бері жұлқылайды. Тіпті, түйрегішімен шаншып көреді, бірақ күйеуі оянбайды. Ханша ашумен байқамастан:
– Сендей маубасты құйын неге ел білмейтін жерге апарып тастамайды? – дегені сол еді, боран соғып, құйын сарбазды жатқан жерінен көтеріп әкетеді.
Ханша ойланбай сөйлегені үшін қатты өкінеді. Жылап-сықтап үйіне қайтады. Сарбазды құйын көтерген қалпы адам аяғы баспаған жерге, теңіздің ортасындағы тік жартастың ұшар басына әкеп тастайды. Осы жерде сарбаз тура жарты жыл ұйықтайды. Оянып, еш нәрсені түсінбей, жан-жағына қарайды. Таудың етегінде төбелесіп жатқан үш шайтанды көреді. Сарбаз қастарына келіп:
– Қойыңдар, Құдайдан безгендер! Бұл не жанжал? – деп сұрайды.
– Әкеміз мұраға үш ғажайып зат: ұшатын кілем, жүрдек етік, сиқыр бөрік қалдырған еді. Соларды бөлісе алмай жатырмыз, – деп жауап береді олар.
– Түкке тұрғысыз нәрсеге бола төбелесудің қажеті не? Әкелерің қалдырған бұл заттарды ешқайсыңды ренжітпей үшке бөліп берейін.
– Сөйтші, пендем, – деп шайтандар қуанып кетеді. – Олай болса, барып, қарағайлы орманнан жүз пұт шайыр алып келіңдер!Үш шайтан сарбаздың айтқанын лезде бұлжытпай орындайды.
– Енді, дүниедегі ең үлкен қазанды табыңдар!Шайтандар қырық бөшке сыйып кетерлік алып қазанды сүйрей жетеді.
Сарбаз қазанның ішіне жүз пұт шайырды салдырып, астына от жақтырады. Таудың басында алып тас бар еді. Ол шайыр ерісімен қазанды сол араға шығартып, ішіндегісін жоғарыдан төмен қарай құйдырады. Содан соң, алып тасты домалатып жібертеді де:
– Осы тасты қуып жетіңдер. Озғаның ғажайып заттардың ішіндегі ұнатқаныңды аласың. Екінші жеткенің қалған екеуінің бірін таңдай сың. Соңғы зат артта қалғанға тиесілі болады, – деген кеңес береді. Шайтандар аласұрып, тастың соңына түседі. Алдымен жеткен біреуі оны құшақтай алады. Бірақ, тас шайтанды өзімен бірге домалата әкетіп, шайырға жабыстырып тастайды. Екіншісі мен үшіншісінің де тағдыры сондай болады. Сөйтіп, олар шайырға бірінен соң бірі жабысып, әр жерде қалады. Ал сарбаз жүрдек етік пен сиқыр бөрікті қолтығына қыстырып, ұшатын кілемге отырып, жолын жалғастырады.
Ол аз ұшты ма, көп ұшты ма, әйтеуір бір үйшікке келіп жетеді. Ішке кірсе, тістері ақсиған, көздері оқырайған, сүйектері сақырлаған мыстан кемпір отыр екен.
– Амансың ба, әжей? Әйелімді іздеп жүр едім, жол сілтеп жібермейсің бе? – дейді.
– Көрген де, естіген де емеспін. Бәлен жерді басып өтіп, бәлен тауды асып өтіп, бәлен теңіздің ар жағында тұратын менің ортаншы апайыма барып көр. Бір білсе, сол білер. Сарбаз кілемге отырып, әрі қарай ұшады. Жазық жерді, тауды, теңізді асып өтіп, келесі үйшікке жетеді. Үйдің жанында түрі алдыңғысынан да жаман мыстан кемпір отыр екен.
– Амансың ба, әжей? Жол сілтеші, менің сұлу ханшам қайда екен?
– Жоқ, айта алмаймын. Жердің шетінде тұратын үлкен апайымның үйіне бар. Не де бол са, сол білетін болар.
Сонымен, сарбаз бірнеше теңіз, бірнеше елді мекендерді басып өтіп, жердің шетіне де жетеді. Төңірек қара түнек, ештеңе көрінбейді. Ол жүрдек етікті киіп:
– Мені мыстанның үйіне алып жүр! – деп бұйырады.Етік жігітті көзді ашып-жұмғанша іздеген кәрі мыстанға жеткізеді.
– Амансың ба, апа? Сұлу ханшамды табуға көмектес. Бармаған жерім, баспаған тауым жоқ, маған жол сілтеп жібер. – Кішкене күте тұр, мен жан-жақта жүрген желдерімді шақырайын. Олардың бармайтын жері жоқ. Бір білсе, солар білер, – деп мыстан сыртқа шығады да, бар күшімен ысқырады. Артынша жан-жақта жүрген желдер құйындата жетеді. Мыстан олардан:
– Сендер шарламаған әлемнің түкпірі жоқ. Сұлу ханшаны көрмедіңдер ме? – деп сұрайды. – Жоқ, көрген жоқпыз. Оңтүстіктің желі жоқ, мүмкін сол білер, – дейді жиналғандар. Біраздан кейін оңтүстіктің желі де келіп жетеді.
– Неге кешіктің? Қайда жүрсің? – дейді мыстан.
– Әжетай, ренжімеңіз, күйеуін құ йын көтеріп кеткен ханшаның пат шалығында болған едім, – деп
кешірім сұрайды.
– Ханша қалай екен? Онда не болып жатыр? – дейді қуанып кеткен сарбаз.
– Ханшаның сұлулығын, жалғыз екенін естіген хандар мен мырзалар жан-жақтан айттырып келіп жатыр.
– Ол менің әйелім ғой. Патшалыққа тез жетуім керек. Жол қаншалықты алыс?
– Жаяу адамға отыз жылдық жол, ал мен үшін үш са ғат жеткілікті. Сарбаз:
– Өтінем, мені өзіңмен бірге ала кетші, – деп жалынып, жалбарынады.
– Қызмет қыл, әйеліне апар, – дейді мыстан.
Жел келісіп, құйындатып сарбазды көтере жөнеледі. Талай теңіздер мен жерлерді, әртүрлі елдерді, патшалықтарды басып өтіп, сарбазды ханша сарайының маңына алып келеді. Осы кезде қурап тұрған ағаштар қайта жайқалып шыға келеді.
– Міне, мен айтқанымды орындадым, сен іздегеніңе жеттің, – деп жел хош айтысып, жөніне кетеді.
Сарбаз басына сиқыр бөрікті киіп, сарайға кіреді. Сарбазды ешкім байқа майды. Құда түсіп келгендер дастарқан басында отыр екен.
Күйеу жігіттердің бірі шарап құйылған ыдысты аузына апара бергенде, сарбаз оны қағып жібереді. Осылай ол шарап ішпекші болған әрбірінің қолындағы ыдысты қағып сындырады. Патшалар мен ханзадалар аң-таң. Ал ханша аулаға шығып, жайқалып тұрған ағаштарды көреді. Күйеуінің келгенін білген ол, қайта кіріп, қонақтарға:
– Мырзалар, бір жұмбақ жасырамын. Шешімін дұрыс тапқаныңа күйеуге шығамын, – деген шешімін айтады.
Құда түсіп келген патшалар мен ханзадалар келіседі.
– Менің алтын қобдишам бар еді. Соның алтын кілтін жоғалтып алғанмын, бүгін ол өзінен-өзі табылды. Жұмбағым осы, шешімін кім айтады?
Отырғандардың бастары әбден қатады. Ешкім дұрыс жауап бере алмайды.
Сонда ханша:
– Көрінші, менің жан жарым! – дейді.
Сарбаз сиқыр бөркін шешеді. Ханша қасына келіп:
– Жұмбағымның жауабы – алдарыңда тұр. Қобдиша дегенім мен, алтын кілт – мына менің күйеуім, – дейді қуанып.
Жиналған күйеу жігіттер оларды құттықтап, бірге той тойлап, өз патшалықтарына оралады. Осымен ертегім де соңына жетіп і. Ал, сұлу ханша мен сарбаз ұзақ жылдар бойы бақытты ғұмыр кешіпті.
Источник: Ертегі сказка на казахском языке қазақша ертегісі
Категория: Казахские сказки | Добавил: admin (11.01.2013)
W
Просмотров: 5649
| Теги:
| Рейтинг: 5.0/2
Похожие материалы
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]