Өтебай ТҰРМАНЖАНОВ – Қарлығаш

Өтебай ТҰРМАНЖАНОВ – Қарлығаш

13014
0

Cегодня найти работу заграницей не проблема. Для этого есть здесь спеицилисты, которые помогут устроиться в разных сферах.

Өтебай ТҰРМАНЖАНОВ - Қарлығаш

Қарлығаш

Келген соң көктем айы:
апрель, май,
Бөленді гүл жібекке сала мен сай,
Шелектеп нөсер төгіп, жаңбыр жауып…
Жасырынды өскен нуға тана мен тай.
Қызғалдақ қызыл арай қырмызы бел,
Салқын тау, саялы көл, самалды жел.
Қой қоздап, ешкі лақтап, сиыр туып
Мәз-мейрам зор мереке жаздағы ел…

Инелік, шыбын-шіркей, құрт-құмырсқа,
Бәрі де кірісіпті зор жұмысқа.
Бал-ара гүлге қонып, балын теріп,
Өзінше әрқайсысы етіп нұсқа.

Шегіртке шырылдауық, жылан, қоңыз,
Бұлар да тамашалап тартып қобыз,
Есекқұрт, шұбалшаңдар кесек құйып,
Сан жәндік тіршілікте «тоқсан-тоғыз».

Ән шырқап көкте ұшқан бозторғай да,
Тырбанып ұя сап жүр таса жайға.
Көк-жасыл, қызыл ала көбелектер
Гуілдеп ұшып қонған сайдан-сайға.

Алақаз көл бетінде көкала үйрек,
Ойнақшып о да өзінше салар ирек.
Қозғалса құрақ кенет құйын желмен,
Шошынып су сабалап ұшар түйдек.

Мен айтып жетермін бе жаздың сәнін!
Жалындап жазды сүйер менің жаным!
Жан бар ма жазды сүймес дүниеде?
Жазда ғана төгеді бұлбұл әнін…

Жазда ғана салады гүл де дәнін,
Жазда ғана жинайды ара дәмін.
Жазда туып өсірер бар жәндіктер
Өзінің балдай сүйген балапанын…

Бір сөзге бұл әншейін бет ашарым,
Демеңдер айтатұғын осы барым.
Бұлақтай тарауланған көп әңгіме
Бір көлге білеміз ғой қосыларын…
Ал, құлақ салыңыздар, балаларым!
Бой жазып біраз жерді араладым.
Қарлығаш, дәуіт, жылан әңгімесін
Сендерге айтамын деп балағаным.
Қарлығаш қарманып жүр ұя салып,
Биікке жылан жетпес қия салып,
Сазынан саздау жердің балшық илеп,
Өзінше кірпіш етіп құя салып.

Қарлығаш қарағанда өзге құсқа,
Барынша жұмысына тым-ақ ұста.
Балшықтан бөбегіне бесік жасап,
Өзгеге өрнегімен болған нұсқа.

Ұясы дөп-дөңгелек тостағандай,
Тап-таза, кіршік қиқым қоспағандай.
Бөленіп ақ бесікке алты бала,
Ұйқыдан әлі көзін ашпағандай.
Аялап жұмыртқасын жатыр ана,
Ананың айы емес пе туған бала?!
Аймалап бауырына баса түсіп,
Шайқайды ауық-ауық жұмсақ қана.

Шайқайды жұмыртқасын, тербетеді,
Тербетсе – ұлы-қызы ер жетеді.
Ақырын, ақ көрпесін ашып тастап,
«Іңгәлап», анам тамақ бер деседі.
Ақ үрпек балапандар аузын ашқан,
Өмірге күндей өсіп қадам басқан.
Ас беріп ата-анасы асырайды,
Мәпелеп балапанын бала жастан.

Тоғайдан, ойдан, қырдан жем іздейді,
Жүрекке жем іздеумен ем іздейді.
Шырқырап құс та болса баласы үшін,
Шөлдедім, қарным ашты дегізбейді.
Жем әкеп үлестірер балапанға,
Салғандай бөліп-бөліп алақанға.
Шиқылдап балапандар аузын ашар.
Айы, күні асырайтын ана жанға.

Күн өтті, балапандар таранады,
Қияға қыран көзбен қаранады.
Жарыққа қанат қағып талпынады,
Ауалап ұшсам дейді бар арманы.

Мекендер сол араны шұбар жылан,
Қашаннан құс жанына құмар жылан.
Иісін балапанның біліп, сезіп,
Келеді жемек болып сусап бұған.

Қарлығаш ата-анасы екі жұбай,
Жем іздеп жерді кезген тынбай ұдай.
Жем алып ұясына ұшып келсе,
Таянып қалған екен жылан сұмырай!

Жыланды қарлығаштың көрді көзі,
Мынауың қиянат дер бар ма сөзі?!
Аймалап балапанын қанатымен,
Айбат қып сұм жыланға көрді өзі.
Жыланды түсі суық танып тұрды,
Көзінен мөлт-мөлт жасы тамып тұрды.
Анаға бала деген қандай қымбат?!
Жүрегі алас ұрып, жанып тұрды.

Осылай ана байғұс күйбеңдеді,
Сескеніп жылан шіркін именбеді.
Айла іздеп, ана кетті көгал кезіп,
Қу жылан алға сусып иреңдеді.
Аз болмай ана қайтты қуанғандай,
Соғысқа әскер жиып сыбанғандай.
Жәрдемге жауға қарсы дәуітті әкеп,
Тоқ санап көңіліне жұбанғандай.
Дәуітті ұя аузына әкеп қойды,
Сыланып дәуіт тұрды тұла бойды.
Сол кезде сусып келіп жылан жетті,
Жыланның шұқып дәуіт көзін ойды.

Сұм жылан қан іздеген құлап түсті,
Сылқ етіп ұзынынан сұлап түсті.
Жете алмай дегеніне жерді қауып,
Көр көзін қанды жаспен бұлап түсті.

Қан сорғыш қара жылан қалды өліп.
Бір бала кезі келген кетті көміп.
Ақыры өз түбіне өзі жетті
Қашаннан қара ниетті қанға жерік.

Қарлығаш дәуітпенен бірлік етті,
Бірігіп айта қалар тірлік етті.
Көшіріп балапанын ұясынан.
Көк орман, көгал қуып ұшып кетті.

1 Star2 Stars3 Stars4 Stars5 Stars (3 votes, average: 3.00 out of 5)
Loading...

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY