Главная » Статьи » Казахский язык » Казахские сказки
Ертегі: Батпан құйрық (сказки на казахском языке)
загрузка…
Қарны ашқан қасқыр тамақ іздеп, арсалаңдап келе жатады. Сол кезде түлкі жолығады.
– Қасеке, жолың болсын! Қайда жортып барасың? – деп сұрайды түлкі жылмаңдап.
– Түкем, қарным ашты. Тамақ іздеп барамын.
– Қасеке-ай, менің де қарным ашып келе жатыр еді, өзің кездестің. Жолым болады екен. Бірге іздейік.
– Ал, түке, ендеше баста, – дейді қасқыр. Қасқыр мен түлкі жорта жөнеледі. Бір мезгілде төңкеріліп жатқан қойдың тегенедей құйрығына тап болады. Қуанғаннан қасқырдың екі көзі сексеуілдің шоғындай жайнап кетеді. Оп-оңай табыла қалған тамаққа таңырқап, түлкіден сұрайды:
– Түке, түке, бұл неғылған батпан құйрық, тегіннен тегін айдалада жатқан құйрық?! Түлкі ойлаған боп, қипаңтай жауап қайырды:
– Апырмай, қасеке-ай, бір алаңғасар базарға барған шығар. Арзан бағаға алған шығар. Қанжығасына бос байлап, содан түсіп қалған шығар.
– Ай, түке, сонда да мен осыныңнан қауіптеніп тұрмын.
– Қасеке, сен қауіптеніп, қорқатын болсаң, мен-ақ жей салайын, – деп, түлкі құйрыққа үмтыла бергенде:
– Тоқта, тоқта! – деп, қасқыр арс ете қалады. Түлкі жалт беріп, құйрығын бұлғаңдатып, шоңқып отыра кетеді. Ашқарақ қасқыр былқылдақ құйрыққа ауызды салып кеп жібереді.
– Қасеке, мені де ескерсейші! Олжаға ортақ емеспіз бе? – деп, түлкі өтірік мүләйімсиді. Қасқыр оған ала көзімен ажырая қарап, тісін ақситып:
– Был-жыр-рра-ма…- дейді де, қойдың тегенедей құйрығын төрт-ақ асап, толғап-толғап, қылғи салады. Қарны тойып, қарық болған қасқыр аузын кере қарыс ашып, ыңыранып, бір керіліп алады да, жорта жөнеледі.
Іші біліп, мұртынан күліп, қасқырдың соңынан келе жатқан түлкі:
– Апырай, қасеке-ай, әлгі май құйрықтан тым болмаса бір асам дәм татырмадыңыз-ау, ә?! – деп, күңкілдейді.
– Түке-ау, мұрныңа майдың иісі барғаны да жетпей ме! – деп, қомағай көкжал қарқ-қарқ күледі. Біраздан кейін қасқырдың көзі алақтап, тілі салақтап, жанын қоярға жер таппай, дөңбекшиді де калады.
– Е-е… құйрық жейтін батырмысың, жан бергелі жатырмысың?! – деп, түлкі қусықылықтай кеп күледі.
Емің бар ма, түлкіжан-ау… Түкешім, аясаңшы ағаңды, – деуге қасқырдың тілі әрең келіпті. У барған ішке су барса, тез өлтіретінін білетін түлкі:
– Удың емі су болады, қасеке. Су ішсең, жаның қалады, сәтін салса, – дейді. Қасқыр бар қалған күшін жинап, суды тілімен жалап-жалап алады да, қалпақтай ұшып түседі.
– Міне, саған батпан құйрық, айдалада тегіннен-тегін жатқан құйрық! – дейді де, түлкі өз жөніне кете барады.
Сказка из сборника «Ертегі: Казахские сказки (сказки на казахском языке)»
Источник: ертегі сказки на казахском языке казахские сказки казахский язык для детей
Категория: Казахские сказки | Добавил: admin (29.01.2012)
W
Просмотров: 15742
| Теги:
| Рейтинг: 5.0/1
Похожие материалы
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]