Главная » Статьи » Казахский язык » Казахские сказки
Финист – Сұңқар жігіт – Финист – ясный сокол (Русские народные сказки на казахском языке)
загрузка…
Көне заманда бір шаруа адам болыпты. Оның әйелі дүниеден ерте қайтып, артында үш қызы қалыпты. Күн өткен сайын шаруаға қыздарды бағып-қағу қиындай түседі. Ол енді үй шаруасына қарайтын қызметші жалдауды жөн көреді. Бірақ, кенже қызы Марья:
– Әкетай, ешкімнің керегі жоқ, барлық үй тірлігін өзім қолға аламын, – дейді.
Шаруа қызына риза болады. Осыдан бастап үй шаруашылығымен Марья айналысады. Ал, екі үлкен қызы өте жалқау еді. Олар сіңлілеріне көмектеспейді. Ертеден кешке дейін айнаның алдынан шықпай, сыланып отырғаннан бас қа түк бітірмейді. Жыл артынан жыл өтеді. Марья ақылына көркі сай, айдай толысқан сұлу бойжеткен болып өседі. Бір күні шаруа базарға бара жатып:
– Қане, қыздарым, сендерге қандай сыйлық әкеліп қуантайын? – деп сұрайды.
Үлкені мен ортаншы қызы:
– Әке, бізге гүлдері шоқтай жанған, жиегі алтын жіппен әдіптелген орамал керек, – дейді бірімен-бірі жарысып.
Ал кенже қызы үндемейді.
– Марья, саған не керек? – деп сұрайды шаруа. – Әкетай, маған Финист сұңқардың қауырсы ны болса…
Түс ауа шаруа үлкен қыздарына деген орамалдарын алып, базардан оралады. Ал кіші қызы айтқан қауырсынды кездестірмейді. Біраз уақыт өткен соң ол тағы да базарға жиналады.
– Қыздарым, не тілектерің бар? Қандай сыйлық жасайын?
Үлкен қыздары:
– Әке, бізге күміспен безендірілген былғары етік әкеліп берші, – дейді.
– Маған сұңқардың қауырсынын әкеліп беріңізші.
Бірақ, бұл жолы да шаруа қауырсынды таппай, күміспен безендірілген етіктерді алып, үйіне келеді.
Үшінші рет үлкен қыздары әкелеріне әдемі көйлек тапсырады, ал кенжесінің сұрағаны баяғы қауырсын болады.
Шаруа базардан көйлектерді сатып алады. Ал кенжесі қалаған қауырсын бұл жолы да жоқ болып шығады. Ол қауырсынды кеш батқанша іздейді. Ақыры таба алмай, әбден шаршаған соң, амалсыздан, үйіне қайтады. Жол-жөнекей оның алдынан бір қарт кісі шығады. Екеуі амандасып, жөн сұрасады. Шаруа жолаушыға кенже қызы тапсырған Финист сұңқардың қауырсынын таба алмай жүргендігін айтады. Сонда қария: – Сен іздеген қауырсын менде бар. Қайырымды жан екенсің, саған берейін. Кенже қызыңды бір қуант, – деп, қауырсынды қал тасынан шығарып, ұсынады.
Риза болған шаруа қарияға рақ метін айтады. Олар қоштасып, әрқайсысы өз жөнімен кетеді. Жол-жөнекей шаруа қанатты қолына алып, ары-бері қарап:
– Кәдімгі қауырсын, Марьюшаға бұл не үшін керек болды екен? – деп ой лайды.
Кеш батады. Әкелері келіп, қыздарына алған сыйлықтарын үлестіреді. Үл-кені мен ортаншысы көйлектерін киіп, айнаның алдынан кетпей, сәндене бастайды. Содан соң олар:
– Ақымақтың қалаған затын қара. Осы қауырсынды енді шашыңа тағып ал, – деп сіңлісін мазақтап, әбден күледі.
Марья үн қатпайды, түннің болуын күтеді. Әкесі мен әпкелері ұйықтады-ау деген мезгілде қауырсынды еденге қойып:
– Құрметті Финист – мен таңдаған сұңқарым, көрінші көзіме! – дейді.
Осы кезде қауырсын сұлу да сымбатты жас жігітке айналады. Нағыз жігіттің сұңқары дерсің! Финист те қызды ұнатады. Екеуі түні бойы әңгімелеседі. Таң атады. Жігіт қайта сұңқар кейпіне еніп, терезеден ұшып кетеді. Осылай сұңқар –жігіт Марьяға күнде келіп тұрады. Бір күні әпкелері бұны біліп қойып, әкесіне айтады. Бірақ шаруа: – Айналайын, қыздарым, Марьяның басқан ізін аңдымай, өздеріңе де бір уақ қарасаңдаршы! – дейді олардың сөзіне көңіл бөлмей.
«Қап, сені ме!» деп қызғанған екі әпкесі енді сіңлісінің бөлмесіндегі терезенің айналасына өткір пышақтарды қадап тастайды да, өздері жасырынып тұрады. Қараңғы түседі. Жұрт тәтті ұйқыға батқан шақта сұңқар ұшып келеді. Ол ішке енбек болып, бірнеше рет терезеге ұмтылады. Бірақ көкірегін пышақ тіліп, кіре алмайды. Ұйықтап жатқан Марья ештеңені сезбейді. Сонда ренжіген сұңқар:
– Кімге керек болсам, сол мені өзі іздеп тапсын. Бұл оңай іс емес. Ол үшін үш темір кебісті тоздырып, ауыр да ұзақ жол жүруі керек, – деп ұша жөнеледі.
Марья қатты шыққан сұңқардың даусынан оянып кетеді. Орнынан атып тұрып, терезеге қарай ұмтылады. Ешкім көрінбейді, тек терезеде қалған қанның ізі болмаса. Қыз көзінің жасын көл қылып, әкесіне барып, болған жайды баяндайды:
– Әкетай, мені жазғыра көрме, жолға шығуыма рұқсат бер. Тағдырдың жазғаны болар.
Шаруа қызын қимай, әрең келіседі. Марья үш жұп темір кебіс соқтырады да, біреуін аяғына киіп, сұңқарын іздеп шығады. Ол жазық даламен, ну орманмен жүріп, биік-биік тауларды басып өтеді. Ол осылай көп жүрді ме, аз жүрді ме, әйтеуір аяғындағы темір кебісі тозады. Бұл кезде Марья тауықтың сирағын дай аяғы бар бір үйшікке кеп тірелген еді.
– Құс аяқты үйшігім,
Барар жерім қашық тым,
Сұңқарымнан айрылдым,
Оны табу оңай ма?
Орманға қараған бетіңді
Маған бұрсаң болмай ма? – дейді. Үйшік Марьяға бұрылады. Қыз ішке кіреді. Онда ерні салпиған, мұрны ұзын әрі үшкір, қу сүйек аяқтары сықырлаған мыстан кемпір отыр екен. Ол үшкір мұрнын тыжырайтып:
– Адамның иісі шығып кетті! – дейді. Сұлуды көрген соң, жаны ашып: – Әй, қызыл шырайлы қыз, қиын істі бастаған, алған бетіңнен қайтпаған сен кімсің? Келген шаруаңды айт! Көмектесіп жіберейін.
– Апатай, сұңқар –жігіт Финистті іздеп келемін, – деп жауап береді Марья.
Мыстан кемпір:
– Іздеген сұңқарың көз көрмес, құлақ естімес бір елде. Оны сол елдің ханшасы алдап-арбап, өзіне үйлендіріп алған. Сен сол ханшаға қызметші болып жалдан. Мына күміс тостаған мен алтын жұмыртқаны ал. Кеш батып, жұмысыңды бітірген шағыңда тостағанның ішіне алтын жұмыртқаны сал. Жұмыртқа тостағанды айнала зымырайды. Оны көрген ханша «сат» деп жалынады. Бірақ сен Финистпен жолықтыруға келіспейінше, көнбе. Ол елге жету оңай емес. Жол ұзақ. Мен қартайдым, бара алмаймын. Өзімнен кіші сіңлім бар. Соның үйіне дейін жеткізіп салайын. Қалғанын сол көрсетер, – дейді.
Марья сапарын жалғастырады. Ол орман ішімен жүріп келеді, жүріп келеді. Орман жүрген сайын түнеріп барады. Марьяның бойын үрей билейді. Кенет, аяғына мысық оратылып: – Қорықпа, Марья, алға қарай жүре бер, артыңа бұрылып қарама, – деп ғайып болады. Бұл – жол көрсетіп келе жатқан мыстан кемпір еді.
Қыз қараңғы түнектің ішімен ұзақ жүреді. Ауыстырып киген темір кебісі тозады. Осы кезде алыстан бір үйшік көрінеді. Үйшіктің айналасы ағаш шарбақпен қоршалған екен. Қоршауды бойлай ұзын қазықтар қадалып, оларға отша жанып, жарқырап тұрған бас сүйектер ілініпті.
Марья еш қаймықпастан үйшікке жақындап:
– Құс аяқты үйшігім,
Барар жерім қашық тым,
Сұңқарымнан айрылдым,
Оны табу оңай ма?
Орманға қараған бетіңді
Маған бұрсаң болмай ма? – дейді.
Үйшік бұрылып, қыз ішке кіреді. Онда ерні салпиған, мұрны ұзын әрі үшкір, қу сүйек аяқтары сықырлаған мыстан кемпір отыр екен. Ол:
– Өй, адамның иісі шығып кетті ғой! – деп мұрнын тыжырайта Марьяға қарайды да: – Әй, қызыл шырайлы қыз, қиын істі бастапсың, алған бетіңнен қайтпапсың. Шаруаңды айт! – дейді.
– Апатай, сұңқарымды іздеп жүрмін, жол сілтеп жібер.
– Сен апайымның үйінде болдың ба?
– Иә, болдым.
– Онда ол сені маған «көмектессін» деп жіберген екен. Мына күміс оймақ пен алтын инені ал. Олардың өздігінен әсем кестелер тігетін қасиеті бар. Мұны ханша көріп, «сат» деп өтінеді. Сен оған сұңқарыңмен кездестірсе ғана беретініңді айт. Ал енді тіке жүре бер. Мен сені кіші сіңлімнің үйіне дейін жеткізіп салайын. Марья келесі темір кебісін киіп, әрі қарай жүреді. Орман іші тасыртұсыр. Айнала жарқыраған бас сүйектерге толы. Қыз ұзаған сайын қорқы нышы үдеп барады. Бір уақытта алдынан арсалаңдап, әупілдеп ит кейпіндегі мыстан шығып:
– Қорықпа, Марья, сені алда әлі та лай қиындықтар күтіп тұр. Артыңа қарамай жүре бер, – дейді де, ғайып болады.
Аяғына ағаш бұтақтары оратылып, қадам жасауына кедергі келтірсе де, Марья тоқтамай жүріп келеді. Ол осылай екінші темір кебісті тоздырады. Шаршап-шалдығып темір шарбақпен қоршалған үйшікке жетеді. Шарбақ жағалай ұзын әрі үшкір қазықтар қадалған. Әр қазықтың басына жарқырап жанып тұрған аттың бас сүйектері кигізіліпті. Қыз үйшікке жақын келіп:
– Құс аяқты үйшігім,
Барар жерім қашық тым,
Сұңқарымнан айрылдым,
Оны табу оңай ма? Орманға қараған бетіңді
Маған бұрсаң болмай ма? – дейді әлсіз даусымен.
Үйшік бұрылып, қыз үйшікке кіреді. Іште ерні салпиған, мұрны ұзын әрі үшкір, жасырақ мыстан кемпір отыр екен. Бұл да:
– Өй, адамның иісі шығып кетті ғой! – деп мұрнын тыжырайтып, жақтырмай қарайды. – Әй, қызыл шырайлы қыз, қиын істі бастапсың, алған бетіңнен қайтпапсың. Келген шаруаңды айт!
– Апатай, сұңқарымды іздеп жүрмін.
– Екі апайымның үйінде болдың ба?
– Болдым.
– Иә, өте қиын шаруа екен. Мені жақсылап тыңда. Мынау – басы күміс, өзі алтын ғажайып ұршық. Қолыңа алсаң болды, ол өздігінен алтын жіп иіре жөнеледі. Мұны көрген ханша «сат» деп жалынады. Сен сұңқарды көрсетсе ғана беретініңді айт. Жүр, мен сені сол елге дейін жеткізіп салайын, – деп мыстан ұршықты ұсынады.
Марья алғысын айтып, жолын жалғастырады. Ол орманды аралап келеді. Орман іші жүрген сайын түнере бастайды. Жарқанаттар ерсілі-қарсылы ұшып, тышқандар індерінен шығып, әртүрлі ұлыған, күңіренген дыбыстармен төңірек жаңғырып кетеді. Қыздың бойын қорқыныш сезім билейді. Осы кезде қызға мыстан сұр қасқыр кейпінде кезігіп:
– Қорықпа, Марья, менің үстіме отыр, сені жеткізіп салайын, тек артыңа бұрылып қараушы болма, – дейді.
Марья қасқырға отырады. Қасқыр оны ойлы-қырлы жерлерден, ұзын-ұзын өзендерден, биік-биік таулардан алып өтіп, бір зәулім сарайға жеткізеді. Бұл кезде қыздың киген соңғы кебісі де тозған еді.
Шыныдан тұрғызылған бұл сарай өте әдемі еді. Айналасы бау-бақша, жайқалып өскен әсем гүлдер. Терезелерінің жақтаулары түрлі өрнектермен безендірген. Сарайдың бір ғана терезесі айқара ашық тұр. Терезе алдында ханша отыр екен. Қасқыр сонда:
– Міне, Марюшка, іздеген сұңқарың осы жерде. Енді барып, ханшаға қызметке жалдан, – деп, көзден ғайып болады.
Қыз ханшаға жақын келіп, бас иіп, сәлем береді де:
– Сізге қызметші керек емес пе? – деп сұрайды.
– Иә, қызметші іздеп жүргеніме көп болды. Бірақ ол жіп иіріп, киім тігіп, кесте тоқи алатын бесаспап болуы керек, – дейді ханша.
– Менің қолымнан бәрі келеді. Қызмет етуге дайынмын.
– Жарайды, ішке кір, қолыңнан не келерін көре жатармын.
Осылай Марья ханшаның қызметшісі болады. Ол күні бойы тынбай жұ мыс істейді. Кешке күміс тостағанды алдына алып, оған алтын жұмыртқаны салады.
– Домала, домалашы, жұмыртқа. Сүйікті сұңқарымды көрсетші, тостаған.
Алтын жұмыртқа домалап, күміс тостағанда Финисттің бейнесі пайда болады. Осы кезде ханша жасырынып, қызды сыртынан бақылап тұрған еді.
Күміс тостаған мен алтын жұмыртқаға қызыққан ол:
– Марья, мына тостаған мен жұмыртқаңды маған сатшы, – деп өтінеді.
– Жоқ, бұлар сатылмайды. Бірақ сұңқар –жігіт Финистті көрсетсең, тегін берер едім, – дейді Марья.
Ханша біраз ойланып тұрып:
– Жарайды, оны түнде ұйықтап жатқан кезінде көрсетемін, – деп келіседі. Түн болады. Марья Финисттің бөлмесіне кіреді. Ол шырт ұйқыда жатыр екен. Қыз аяулы сұңқарын ары-бері оятып көреді, бірақ жігіт қозғалмайды. Лаж жоқ, Марья оның бетінен сүйіп, бөлмеден қайта шығады.
Келесі күні де Марья тыным таппай жұмыс істейді. Кешкісін қолына күміс оймақ пен алтын инені алып:
– Тігіл, тігіле бер, кестелі орамал. Сұңқарым сенімен бетін сүртсін, – дейді.
Ханша бұл жолы да қызды сырттай бақылап тұрған. Ол тағы да:
– Марья, маған күміс оймақ пен алтын инеңді сатшы, – деп өтінеді.
– Жоқ, сата алмаймын. Бұларды да ақысыз берер едім, Финистті тағы бір көруіме рұқсат етсең, – дейді Марья.
Ханша біраз ойланып тұрады да:
– Жарайды, айтқаның болсын, оны түнде көресің, – деп келіседі.
Түн болады. Марья шырт ұйқыда жатқан Финисттің бөлмесіне кіреді.
– Қымбаттым, оян! Тұршы орныңнан, – деп оны ары-бері жұлқылайды. Бірақ жігіт оянбайды. Басқа амалы қалмаған қыз аяулысын құшақтап, бетінен сүйіп, бөлмеден шығып кетеді. Марья үшінші күні де тыным таппай еңбек етеді. Кеш батқан соң ол ғажайып ұршықты алып, алтын жіпті иіре бастайды. Бұны тағы да тығылып қарап тұрған ханша көріп, қызығып «маған сат та, сат» деп қоймай жалынады.
Марья:
– Сатпаймын. Сұңқарымның жанында таң атқанша болуыма рұқсат етсең, еш ақысыз аласың, – дейді.
Ханша: «Оны бәрібір оята алмайды» деген оймен келісімін береді.
Түн болады. Марья Финист жатқан бөлмеге кіріп:
– Финист – менің сұңқарым, тұршы орныңнан, көзіңді ашшы, – деп оны оятуға әрекет жасайды.
Бірақ Финист оянбайды. Тіпті, қозғалмайды да. Таңның атуына аз уақыт қалады. Бұл түнге соңғы үмітін артқан қыздың көз жасы көл болады. Бір тамшы жас сұңқар – жігіттің ашық кеудесіне домалап түседі. Ыстық жас тамған жерін күйдіріп, Финист оянады да, жанында жылап тұрған Марьяны көреді.
– Марья, қаншама қиындықты басыңнан өткізіп, ақыры мені таптың ба? – деп қызды құшағына қысады. – Жылама, жүр, кетейік бұл жерден!
Екеуі жолға дайындала бастайды. Бұны көрген ханша ашуланып, қадірмен ді қарияларды шақыртады да:
– Күйеуім мені тастап кетпекші, осы ісі әділдікке жата ма? – деп байбалам салады.
Жиналған қариялар дауды шеше алмай әлек болады. Сол кезде Финист:
– Қане, айтыңдаршы, қайсысы нағыз әйелім, қызыққан заттары үшін мені сатып жіберуге дайын тұрғаны ма, әлде мен үшін қаншама қиындықты басынан өткізгені ме? – деп сұрайды.
Жиналғандар Финисттің нағыз жары Марья екендігін қолдайды.
Марья сұңқар – жігіт Финистпен еліне аман-есен оралады. Үлкен той жасап, бақытты ғұмыр кешеді. Осымен ертегім де бітті, Марья мұратына жетті.
Источник: Ертегі сказка на казахском языке қазақша ертегісі
Категория: Казахские сказки | Добавил: admin (30.12.2013)
W
Просмотров: 3407
| Теги:
| Рейтинг: 5.0/1
Похожие материалы
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]